Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайынның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыс орталығына жақын орналасқан ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Қай сала болмасын өсім байқалады. Мысалы, инвестиция тарту жайын айта кетсек.
«Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында ауданға тартылған инвестиция көлемі 15,2 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға қаржы құю жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша 23 млрд теңге күтіледі. Бұл өткен жылға қарағанда 6 млрд-қа көп. Сонымен қатар, Смирновода әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 27 баспана салынуда. Маңызды іске 420 млн теңге бағытталды. Айта кетейін, аудандағы барлық елді мекен сапалы интернетпен қамтылған», деді аудан әкімі Жанар Құсайын.
Ауданда биыл 841 млн теңгеге 44 шақырым жол жөнделген. Елді мекендердің барлығы дерлік таза ауыз сумен қамтылған.
Қуантарлық жайт, кәсіпкерлер ауылдардың көркейуіне 1 млрд-тан астам қаржы құйыпты. Бірнеше беттік баяндама аяқталғаннан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Мәселен, былтыр Шағалалы ауылындағы мектептің педагогтары нысанның іші суық екенін айтып, қаптауды сұраған болатын. Жанар Поселкеқызы бұл мәселе жүйелі түрде шешілгенін айтты.
«Жергілікті серіктестіктің көмегімен мектеп жөндеу көрді. Маңызды жұмысқа 5 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Білім ұясының қазандығы толығымен жөнделді», — деді спикер.
Жоғарыда айтқандай, Смирновода әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 27 баспана салынуда. Облыс әкімі аталған ауданға жұмыс сапары барысында тұрғын үйлерден бірнеше олқылық тауып, Жанар Поселкеқызына мәселені тез арада шешуді тапсырған. Берілген тапсырма бірден орындалыпты.
«Жауапты мердігер баспаналардың терезесін түгелімен ауыстырды. Жұмысты біз жіті бақыладық», — деді аудан әкімі.
Тағы оқыңыз: Елде көлік салығы арзандайды

