Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 20 баспана салынуда. Маңызды іспен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Смирново ауылында ауыз толтырып айтатындай істер жетерлік. Елді мекенде әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 20 баспана салынуда. Маңызды іске облыстық бюджеттен 321 млн теңге бөлінген.
«Әр баспананың ауданы 100 шаршы метрден тұрады. Ішінде тұрғындар үшін бар жағдай жасалуда. 4 жатын және жуыну бөлмесі, ас үй қарастырылған. Ауласы да кең. Бағбаншылықпен айналысуға болады»,- деді Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайын.
Аудан орталығындағы көшелердің жолы жөнделіп жатыр. Смирновода барлығы 56 көше бар. Оның 90 пайызының жолы — қанағаттанарлық жағдайда.
«Аққайың ауданындағы жол желісінің ұзындығы 627,5 шақырымды құрайды. Биыл оның 20 пайызы орташа жөндеу көрді. Маңызды жұмысқа 2,9 млрл теңге бағытталды. Біз ауылішілік жолдарға баса мән бердік. Іс барысын жіті бақыладық»,- деді СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев.
Бүкіл ауданды жарық және жылумен қатамасыз етіп отырған қосалқы станция қайта жаңғыртылып жатыр. Іске 1 млрд 224 млн теңге бөлінген. Маңызды жұмыс қазан айында аяқталады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тұзды көлден 26 тонна шаян аулаған петропавлдық сотталды