Биыл Солтүстік Қазақстан облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 60 квота бөлінген. Бүгіндері соның 58-і игерілген. Өңірде әлі 32 келіншек жасанды жолмен бала сүю үшін кезекте тұр, деп жазады Qazaqstan Media.
Бедеулік – қазіргі таңда әлем бойынша миллиондаған жұптарды алаңдататын маңызды медициналық әрі әлеуметтік проблема. Ол тек әйелдерге ғана емес, ерлерге де қатысты болуы мүмкін. Оның екі түрі болады: бастапқы бедеулік – әйел немесе ер адам ешқашан бала көтеріп көрмеген жағдайда. Екіншілік бедеулік – бұрын жүктілік болған, бірақ кейін қайта бала көтере алмау жағдайы.

«Ер адамның бедеулігіне бірнеше фактор әсер етеді. Ол –экология, темекі шегу, алкоголь ішімдігіне әуестік. Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялық жұқпалы аурулар. Бізде тексерістен өткен еркектердің кейбірінен АИТВ, мерез аурулары да анықталған жағдайлар болды. Сондықтан жыныстық қатынасқа түсер кезде жұбыңыздың денсалуығының дұрыс болғаны да маңызды», — дейді СҚО-ның шататтан тыс бас репродуктологы Виктор Проценко.
Бедеулікке күдік туындаған жағдайда, ерлі-зайыптылар бірге тексеруден өтуі қажет. Негізгі диагностикалық әдістер: ультрадыбыстық зерттеу, гормондық талдаулар, спермограмма. Оны дәрі-дәрмекпен, хирургиялық немесе жасанды ұрықтандыру әдістері арқылы емдеуге болады. Соңғысы бойынша елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бар. Оның аясында төрт жыл ішінде 777 жұп ЭКО-ға тегін квота алды.

«777 квотаның барлығы игерілді. Оның аясында 297 нәресте дүниеге келді. Биыл алты айға 60 квота бөлінді. Оның 58-і игерілді. Қазір өңірде 32 келіншек жасанды жолмен ұрықтандыруға кезекте тұр», — деп толықтырды Виктор Проценко.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басталғалы 581 неке тіркеліп, 152 жұп ажырасқан