Солтүстік Қазақстан өнерінің қара шаңырағы саналатын Ақан сері атындағы облыстық филармония өз тарихындағы 61-ші концерттік маусымын салтанатты түрде ашты. Бұл кеш — тек дәстүрлі концерт емес, өнерсүйер қауым үшін жаңа ізденістер мен тосын сыйларға толы шығармашылық мереке болды, деп жазады Qazaqstan Media.
Маусымның ашылу кешінде көрермендерге ұлттық және симфониялық оркестрлердің әуені қазіргі заманғы музыкалық шығармалармен үйлесім тапқан ерекше бағдарлама ұсынылды. Жаңа леп пен тың серпін сыйлаған бұл қойылым өнер ұжымының креативті ізденісінің нәтижесі еді.

«Біз әлемге әйгілі композиторлардың туындыларын қазіргі музыкалық бағыттармен шебер тоғыстыруға тырысамыз. Бұл біздің тыңдармандарға арнаған жаңа сыйымыз. Сонымен қатар, филармония сахнасында тек ән мен күй ғана емес, актерлік өнер де паш етіледі. 61-ші маусымда қойылымдар да көрерменге жол тартпақ», – дейді филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжан.
Филармония әр маусымда ұлттық өнердің мәйегін сақтап, халықтық дәстүрді жаңғыртып келеді. Бұл маусымда да қазақтың терең мағыналы термелері, күмбірлеген күйлері орындалса, сахна төрін мың бұралған бишілер көркемдейді. Балаларға арналған арнайы қойылымдар да жоспарға енгізілген. Бұл — ұжымның жан-жақтылығын айқындайтын басты ерекшеліктердің бірі.
Филармонияның әрбір маусымы – өңір мәдениеті үшін жаңа белес. Музыка мен сахналық қойылымдарды тоғыстыра отырып, ұжым өнердің жан-жақты түрлерін насихаттап, көрермендерге эстетикалық қуаныш сыйлауды мақсат етеді. 61-ші маусымның шымылдығы түрілді. Ендігі кезекте солтүстікқазақстандықтар мен қонақтарды әсем әуенге, ұлттық өнерге, жаңашыл қойылымдарға толы мазмұнды кештер күтіп тұр.

Тағы оқыңыз: Тарихи түн! «Реал Мадрид» Қазақстанға негізгі құрамын алып келді