60 жасар уәлихандық гір көтеруден Қазақстан чемпионы атанды

Наурыз айының соңында Петропавл қаласында гір көтеруден ел чемпионаты өтті. Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 350-ге жуық спортшы қатысты. Дүбірлі додада 60 және одан жоғары жас тобында Уәлиханов ауданының тұрғыны Халит Сүлейменов те өнер көрсетіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Халит Сүлейменов жастайынан спортқа жақын болған. Гір көтеруден бөлек, бір кездері күреспен де айналысыпты. Қолында арнайы дипломы болмаса да, ұлттық спортты дамыту үшін ауыл балаларын жаттықтырған.

«Ауылда туып-өстім. Ал ауыл балаларының шымыр, шапшаң келетіні белгілі ғой. Сондықтан арнайы үйірмелер болмаса да, өзім жаттығып, гір көтеруден өтетін жарыстарға үнемі қатысып жүрдім. Жүлделі орындар да алатынмын. Тіпті, облыстық деңгейде өтетін додалардан да құр қол қайтпайтынмын. Кейін күреске ден қойдым. Сосын ауыл балаларына білгенімді үйреттім», – деп Халит Сүлейменов жастық шағын еске алды.

Халит Қойшыбайұлын отбасы да қолдайды. Қазір екі баласы әке жолын қуып, спортпен айналысады. Бүгіндері жасы 60-тан асса да, ағамыз қол қусырып отырмайды. Бос уақытында жүгіріп жаттығулар жасайды. Және қысы-жазы Қондыбайдан аудан орталығына қатынап, гір көтеру спортының әдіс-тәсілдерін үйренеді.

60 жасар уәлихандық гір көтеруден Қазақстан чемпионы атанды

«40 жыл осы гір көтерумен айналысып келе жатырмын. Бірақ бір жыл бұрын жаттықтырушым пайда болды. Ауданға жаңа тренер келіп, қазір сонымен жаттығулар жасаймыз. Марат Молдыбаев, өзі жас болса да, маған гір көтерудің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, техникасын үйретіп жатыр. Соның арқасында жуырда Петропавлда өткен ел чемпионатында жеңіске жеттім», – дейді спортшы.

Дүбірлі додада Халит Қойшыбайұлы +85 келі салмақ дәрежесінде, 60 және одан жоғары жас тобында өнер көрсетіп, 16 келілік гірді 10 минуттың ішінде 137 рет көтерген.

60 жасар уәлихандық гір көтеруден Қазақстан чемпионы атанды

«Халит ағамыз өзінің табандылығымен ерекше көзге түсті. Ауылынан аудан орталығына дейін 20 шақырым жер. Соған аптасына 3 рет трассадан көлік ұстап келеді. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын адам. Кейде жастардың бойынан осындай қасиеттер табылмайды. Өзінің күш-жігері, таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында 60 жасында чемпион атанды. Осыдан-ақ, спорттың жас талғамайтынын аңғаруға болады», – дейді жаттықтырушысы Марат Молдыбаев.

Бүгіндері Халит Сүлейменов Азия чемпионатына белсенді түрде дайындалып жатыр. Жарыстар мамырдың 3-і мен 9-ы аралығы Қырғызстанда өтеді.

Тағы оқыңыз: Елімізде ТikTok-қа тыйым салынуы мүмкін

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x