Солтүстік Қазақстан облысында су құбыры нысандарын салу барысында мердігер ұйымдар қателіктерге жол берген. Кейбірі жұмыс мерзімін кешіктіріп жатса, енді бірі  жоба шешімдерін бұзған. Бұл туралы әкімдік отырысында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Биыл өңірде су тарту саласы бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылуда. Топтық су құбырларын салу мен қайта жаңғыртуға 42 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ірі нысандардың бірі – Тайынша ауданындағы Булаев топтық су құбыры. Жобаның жалпы құны – 13,5 млрд теңге. Алайда бұл қаражаттың тек төрттен бір бөлігі ғана игерілген.

42 миллиардқа су да жоқ, сапа да жоқ. СҚО әкімдігінде ауылдарға су тарту мәселесі қаралды
42 миллиардқа су да жоқ, сапа да жоқ. СҚО әкімдігінде ауылдарға су тарту мәселесі қаралды

«Техникалық қадағалау қалай жұмыс істеп жатыр? Бұл нысанды қатаң бақылауға алыңыздар. Мен облыс әкімі ретінде мерзімнің бұзылуына жол бермеймін. Қажет болса, сотқа жүгініп, лицензиядан айырып, басқа да шаралар қолданамыз», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Мамлют ауданының Покровка ауылындағы ұзаққа созылған құрылыс талқыланды. Мұнда құрылыс 2021 жылы басталған. Бірақ әлі күнге дейін аяқталмай отыр.  

«Покровка бойынша сот процестері тек биыл аяқталды. Жобаға түзету енгізу қажет. Оны жасап, келесі жылдың бюджетіне енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.

Бұл жобаға қатысты облыс басшысы нақты мерзімдер, қажетті мамандардың келісімімен бекітілген  жол картасын әзірлеуді тапсырды.   

Айыртау ауданында да мердігерлермен мәселелер бар. Онда компания өкілдері жұмыс басталғаннан кейін көп ұзамай байланысқа шықпай қалған. Аудан әкімшілігі оларды полиция арқылы іздеуге мәжбүр болыпты.

«Оны прокуратура, сот және полиция департаменті арқылы іздедік. Біз өз тарапымыздан мердігерді адал емес деп тануға әрекет жасадық. Бірақ олар қайта байланысқа шықты. Қазір компания қайтадан жұмысын жалғастырып жатыр. Құбыр төсеп жатыр. Жұмыс жүріп жатқанымен, белгіленген  мерзімнен қалып келеміз», – деді Айыртау ауданының әкімі.

Облыс әкімі проблемалық нысандар болса  күштік құрылымдарды тартуды, ал сенімсіз мердігерлерге қатысты сотқа жүгінуді тапсырды.

«Бұл – салғырттық! Бақылау жоқ. Мердігерлер жобада көрсетілмеген материалдарды қолданады, талаптарды бұзады. Соның кесірінен үйлер құлап, құбырлар жарылады», – деп ашуланды Ғауез Нұрмұхамбетов.

Кеңес барысында Мағжан Жұмабаев ауданындағы жағдай да талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Қарағанды және Октябрьское ауылдарындағы жұмыстар тамыз айының соңына дейін аяқталады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қарағанды ауылында сыртқы желілер құрылысы аяқталған. Енді ішкі алаңды дайындап, модульдік сорғы  станциясын орнату ғана қалған. Сондай-ақ электр желісіне қосылу мәселесі шешілуде.

Ал Октябрьское ауылында су құбырын пайдалану барысында алғашқы мердігерлер жіберген кемшіліктер анықталды. Бұған дейін екі кәсіпкер сот шешімімен адал емес деп танылған. Үшінші мердігер негізгі жұмыстарды аяқтаған.

Өңір басшысы техникалық қадағалаудың сапасын бақылаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, көптеген мәселе жобалық шешімдердің бұзылуы мен жұмыс барысындағы бақылаудың жеткіліксіздігінен туындайды.

«Бірінші мердігер жұмыс бастағаннан бері төрт жыл өтті. Кепілдік мерзімі аяқталған. Су құбырын пайдаланатын ұйым да бақылауға қатысуы тиіс. Мердігерлер жоба талаптарын қатаң сақтауы қажет. Қажет болса, кейбір орындаушылардың жұмысын қайта қарау керек», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ ол су құбыры нысандары құрылысы кезінде жобалық шешімдердің сақталуына қатаң бақылау орнатуды, тапсырыс берушілердің, техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігін арттыруды тапсырды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да жылжымалы медициналық кешендермен қамтылған ауыл тұрғындарының саны артты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *