Шал ақын ауданының тұрғыны Валерий Калашников 40 жылдан астам уақыт Сухорабовка ауылында механизатор болып жұмыс істейді. Келер жылдың қаңтар айында ол өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтпек, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мектепті тәмәмдағаннан соң Валерий механизаторлықты өзі оқып алады. Тиісті емтихандарды апсырып, Т-40 тракторында жұмыс істейді. Кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақыртылады. 1982-1984 жылдар аралығында әскерге барып, ауған соғысына қатысады.
«Біз Кабулда болдық. Мен жол-құрылыс әскерлерінде қызмет еттім. Жолдар, казармалар салынды. Қорғаныс мақсатында қолымызға күректен бөлек қару да алу керек болды. Бізді ешкім қорғаған жоқ, біз достарымызбен бірге бір-бірімізді қорғадық. Және барлығымыз аман-есен үйімізге оралдық», — дейді Валерий.
Әскерден келгеннен кейін Валерий бірден отау құрады. Келер жылы жұбайы екеуі өздерінің 40 жылдық мерейтойларын атап өтпек.
«Үйдегі барлық шаруаға әйелім жауапты. Барлығын бірге істеп, қайғыда да, қуанышты күндерде де бірге болу нағыз бақыт. Менің Варварам мен жұмыстан қашан келсемде, тіпті түнгі үште, немесе таңата келсемде жылы қарсы алады. Және әрқашан үйіміз таза, дастарханымыз жаюлы тұратыныда осы жұбайымның арқасы», — дейді Валерий Калашников.
Валерий Калашниковтың екі ұлы бар. Үлкені Екатеринбургте тұрады. Құрылыс саласында жұмыс істейді екен. Ал кішісі әке жолын қуып, туған жері Сухорабовкада қалған. Қазір камазда жүргізуші болып жұмыс істейді.
Валерийдің өзі «Асылфармс» ЖШС-де жұмыс істейді. Жазда шабындықта, күзде астық пен тұқым тасымалдайды. Ал қыста жолдарды тазартады.
«Кейде жолда трактор бұзылып қалады. Мамандарға хабарласамыз, олар келіп жөндеп береді. Кейінен ары қарай жұмысыңды істей бересің. Бірнеше жыл бұрын көктемде бір оқиға болды. Мен трактормен астық алып келе жатып сынып қалдым. Жүк тиелген көлікті тастап кете алмаймын ғой. Содан таңертеңге дейін отыруға тура келді. Хабарласайын десем байланысқа шыға алмадым. Жолда таныстарды көріп, солар арқылы үйдегілерге хабар бердім. Қазір байланыспен еш қиындық жоқ. Тіпті тракторларда GPS трекерлер орнатылған. Сондықтан басшылық біздің қайда екенімізді көріп, біліп отырады», — дейді механизатор.
Ол ұлдарын кішкентай кезінен жұмыс істеуге үйреткен. Өзімен бірге шабындыққа, егін жинауға алып барып жүрген екен.
«Жұмысқа үлкенін он жастан, кішісін жеті жастан бастап алып барғаным есімде. Олардың өздері комбайнның немес трактордың ішінде жәй ғана отырмай, рөлге отырып айдап көруге қызықты. Сол сәттен бастап техникаға ғашық болды. Ауылдағы жұмыстың қаншалықты қиын екенін біледі. Енді міне, соның арқасында нағыз азаматтар болып өсті. Немерелерім де қайсар, мықты болады», — дейді Валерий Калашников.
Ауылда қашанда атқарар шаруа жеткілікті. Сондықтан Валерий демалыс күндері де қол қусырып отырмайды.
«Бізде үш сиыр, тауық, қаз бар. Мал шаруашылығынсыз ауылда өмір сүру мүмкін емес. Жем-шөп бәрі де қымбат. Бірақ бізге басшылық көмектеседі, мал азығын арзан бағада түсіріп береді. Жаздыгүні картоп өсіріп, күтіп-баптау керек», — дейді Валерий
Шамамен отыз жыл бұрын Валерий Новосібірге көшіп барған. Бірақ өзге елде баспана алу, жаңа ортаға бейімделу қиынға соққан көрінеді. Сондықтан туған елге оралуды жөн санапты.
«Бұл жерде бәрі таныс және барлығы маған жақын жандар. Сондықтан әйелім екеуміз енді ешқайда кетпейміз деп шештік. Мен үш жылдан кейін зейнетке шығамын. Тракторда жұмыс істеймін. Туған жерге тамыр жайып үлгердік», – дейді механизатор.
Тағы оқыңыз: Николай Усенков: Ауылды дамытып, тұрғындарына көмектесу міндет