Петропавлда есірткі саудасымен айналысқан жігіт 10 жылға түрмеге тоғытылды. Оның бар тапқан пайдасы 40 мың теңге болған, деп жазады Qazaqstan Media.
Полицейлер 22 жастағы есірткі саудагерін көктемде ұстаған болатын. Жеңіл ақша табуды көздеген ол сәуір айында интернет-дүкенге жұмысқа кірген. Бір айға жетер-жетпес уақытта оның бұл «жұмысы» 40 мың теңге табыс әкеледі. Алайда көп ұзамай жігіт ұсталды. Жеке тінту кезінде одан синтетикалық есірткі салынған түйіншектер табылды. Кейін жауап алу барысында қаланың шеткері аудандарында және саяжай қоғамдастықтарының бірінде есірткі жасырған орындар анықталды. Жалпы салмағы 14,92 грамм болған α-PvP есірткісі және 22,15 грамм мефедрон тәркіленді.
«Аса iрi мөлшерде есірткі сақтау фактісі бойынша қаралған тергеу материалдары сотқа жіберілді. Сот жігітті кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді. Жыл басынан СҚО-да есірткі өткізгені үшін 25 жасқа дейінгі 25 адам сотталды. Олардың қылмыстық әрекеті орташа есеппен алғанда 3 айдан аспайды», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тұрақтандыру қорында 11 мың тонна өнім бар