Солтүстік Қазақстан облысында сот Айыртау ауданына қарасты Арықбалық ауылының 60 жастағы тұрғыны Ольга Креминскаяға қатысты үкім шығарды. Әйел танысын аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Ольга Креминская кісі өлтіру бойынша айыпталып, сот алдында үшінші рет жауап беріп отыр. 2001 жылы ол 9,5 жылға, ал 2009 жылы 17 жылға сотталған. Екі жағдайда да шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Алайда бұл жолы да бостандықта ұзақ жүре алмады. Төрт жылға жетпей қайта қылмыс жасаған.

Бұл жолғы қылмыстың құрбаны — оның көптен бергі танысы Букина. 26 қыркүйек күні олар бірге ішімдік ішіп, әдеттегідей, отырыс жанжалға ұласқан.

«Креминская О.Б. алкогольдік ішімдіктерді бірге ішу кезінде туындаған жанжал барысында Букина В.В.-ның өзіне бағытталған дөрекі боқтық сөздері мен бетінен шапалақпен ұрғанын сылтау етіп, оны өлтіру мақсатында, яғни басқа адамға қасақана заңсыз түрде өлім келтіру ниетімен, үстел үстінде жатқан ас үй пышағын оң қолына алып, үстел жанында тұрған Букина В.В.-ның іш және дене тұсына бағытталған пышақ соққыларын жасай бастаған», — деп көрсетілген сот үкімінде.

Ішімдік ішкен әйел жерге құлап, қайта тұрмаған. Оқиғадан кейін Креминская ауылдасынан өзін Көкшетауға апарып тастауды сұраған. Алайда қылмыс орнында өз кінәсін мойындаған жазба қалдырған. Марқұмның денесін көршілердің арызынан кейін полиция қызметкерлері тапқан.

Сотта Креминская өз кінәсін толық мойындап, әрекетін өзін-өзі қорғау мақсатында жасадым деп мәлімдеді. Алайда сот бұған сенбеді.

«Креминская О.Б.-ның Букина В.В. оны қылқындырып, сол себепті пышақ қолдануға мәжбүр болды деген уәжін сот негізсіз деп санайды. Соққылардың саны мен орналасуы (30-дан астам, оның ішінде арқа тұсына) жәбірленуші қарсылық көрсете алмай қалғаннан кейін де пышақтау жалғасқанын дәлелдейді», — делінген сот құжатында.

Сонымен қатар, іс бойынша жүргізілген сараптамалардың бірі сотталушының алкоголизммен ауыратынын және мәжбүрлі емдеуді қажет ететінін көрсетті.

Марқұмның туған әпкесі сотта Креминскаяға жазаны соттың қарауына қалдыруды сұрады. Сондай-ақ ол моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап арыз берді.

Оның айтуынша, сіңлісінің өлімінен кейін денсаулығы күрт нашарлап, үнемі дәрі-дәрмек қабылдауға мәжбүр.
Сот Ольга Креминскаяны ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуден өтуді міндеттеді. Моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қанағаттандырылды. Сотталған әйел марқұмның туысына 1 миллион теңге өтемақы төлейді. Үкімге қатысты апелляциялық шағым жоғары тұрған сотқа жолданған.

Тағы оқыңыз: 17 желтоқсанда Мәжіліс бірқатар маңызды заң жобаларын қарайды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *