Мамырдың 1-нен бастап 22 М бағытындағы қоғамдық көлік өз жұмысын тоқтатады. Облыстық автокөлік одағы қауымдастығы бағыттың қысқаруын оның өзін-өзі ақтамауымен түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
22 М бағытындағы қоғамдық көлікті қысқарту бұрыннан айтылып келеді. Жолаушы аз жүретіндіктен автобустың табысынан гөрі шығыны көп. Осыған байланысты 1 мамырдан бастап маршрутты жабу туралы шешім қабылданды. Енді оған жергілікті тұрғындар шағымдануда.
“Біз осы автобуспен ауруханаға қатынаймыз. Жастар қиналмайтын шығар. Бірақ қарт адамдарға оңай болмайын деп тұр. Егерде оның орнына басқа автобустар қойылатын болса, біз оған қарсы болмаймыз, керісінше қуанамыз”, — дейді қала тұрғыны Татьяна Кислова.
22 М бағытындағы қоғамдық көлікті Юрий Сиваш 2 жыл бойы тізгіндеп келеді. Оның айтуынша, соңғы уақытта бұл бағыттағы жолаушылардың саны айтарлықтай төмендеген. Әсіресе, демалыс күндері адамдардың қарасы көрінбейді екен. Соның салдарынан жүргізушінің айлығы да мардымсыз.
“Бұл бағыттағы автобусқа сұраныс жоқ. Салдарынан шығынға батып жатырмыз. Дизель отынының бағасы қымбат. Жалақы аз болғандықтан мұндай жұмыста ешкімнің істегісі де келмейді”, — дейді жүргізуші Юрий Сиваш.
Қала тұрғындарына уайымдауға еш себеп жоқ. Өйткені, бұл бағыттағы маршруттың орнын басқа қоғамдық көліктер басатын болады.
«Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін №24 бағытындағы қоғамдық көліктің жүру сызбасына өзгеріс енгізіледі. Осылайша, қысқартылған бағытты толықтай жабатын боламыз»,-дейді СҚО автокөлік қауымдастығының төрағасы Галина Семёнова.
Осылайша, 1 мамырдан бастап қала көшелерінде барлығы 18 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынайтын болады.