Биыл сайысқа 28 отбасы қатысады. Олар – аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары. Өздерінің еңбегімен, дәстүрге берік көзқарасымен, шығармашылығы мен ынтымағымен отбасы құндылықтарының қоғамдағы орнының берік екенін дәлелдеп жүрген жанұялар. Олардың арасында ұстаздар мен дәрігерлер, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, шығармашылық иелері мен қоғам белсенділері бар, деп жазады Qazaqstan Media.
«Мерейлі отбасы» байқауы облыстық Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылуда. Конкурстың басты мақсаты – қоғам өміріндегі отбасының орасан рөлін айшықтау. Өйткені отбасы – барлық құндылықтардың бастауы, рухани тірек пен келер ұрпақты тәрбиелеудің негізі.
Мәдени шара Qyzyljar Creative Center орталығында өтеді. Марапаттау рәсімі алты номинация бойынша өтеді. Оның ішінде еңбек адамы, шығармашылыққа толы отбасы, бірлікті сақтап, дәстүрді жалғастырып жүрген әулеттер марапатталады.
«Барлық қатысушылар алғыс хаттармен, I, II, III дәрежелі дипломдармен, сыйлықтар мен сертификаттармен марапатталады. Ал өңірлік кезеңнің жеңімпазы құрметті I орынды иеленіп, Солтүстік Қазақстан облысының намысын республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында қорғайтын болады»,-деп нақтылады ұйымдастырушылар.
«Мерейлі отбасы» – жай ғана конкурс емес. Бұл – ұрпақтарды жалғайтын, қоғамдағы бірлікті нығайтатын, отбасы құндылықтарының Қазақстан болашағы үшін берік іргетас екенін паш ететін алаң. Қатысушылардың өмір жолы жеке үлгінің қоғам дамуымен қаншалықты байланысты екенін айқын көрсетеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мектеп қазандықтарын жаңартуға 700 млн теңге бөлінді