Облысқа жұмыс сапарымен Татарстан Республикасынан делегация келді. Меймандарды премьер-министр Васил Шахразиев бастап келген. Олар Петропавлдағы тарихи орындар мен мәдени нысандарды аралап жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Келесі жылы Петропавлда республика көлемінде «Сабантой» мерекесі атап өтіледі. Келген меймандар ауқымды шара өтетін аумақпен танысты. Сабантой — татар халқының ең сүйікті, атаулы мейрамдарының бірі. Бұл мерекеде олардың дәстүр-жоралғылары, әндері мен билері, ұлттық ойындары ортаға салынады.
Васил Шахразиев облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, қала әкімі Серік Мұхамедиевпен жалғыз татарлар ғана емес, түркі халықтары асыға күтетін мерекені өткізу жоспарын талқылап, өз ойларын ортаға салды. Кең көлемде өткізілетін шара қаламыздың бас көшесін толықтай қамтымақ.
Өңірге арнайы іссапармен келген Татарстан Республикасының делегациясы «Мағжан орталығында» болды. Олар нысанды аралап, ұлт бостандығы жолында аянбай еңбек еткен нар тұлғамыз жайлы мол мағлұмат алды. Ғимараттың ішінде «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған ақынға қатысты құжаттар жетерлік. Кейбірі өзге елдерден әкелінген. Меймандар нысанның дизайнына оң бағасын беріп, ішіндегі құнды дүниелердің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақ — ата-бабасын қастерлеген халық. Біз де сіздер сияқтымыз. Жеті атамызды жатқа білеміз. Бұрын өзімді Мағжан жайлы көп білемін деп ойлайтынмын. Қателескен екенмін. Мен білмейтін қырлары мен атқарған жұмыстары көп екен. Орталықта ат басындай алтыннан қымбат оқулықтар жетерлік. Бұл — нағыз байлық. Осыны жастар ұтымды пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді», — Татарстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев.
«Мағжан орталығы» 19-шы ғасырдың соңында салынған ғимаратта орналасқан. Нысан биыл күрделі жөндеу көрді. Біртуар жерлесіміз ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалады. Қазір Алаш арысының аңсаған арманын жүзеге асыру үшін ізбасарлары аянбай еңбек етіп келеді.

«Орталықта 6 кабинет бар. Келушілердің саны күн сайын артуда. Мұнда тек Мағжанды ғана дәріптемейміз. Қазақтың басқа да нар тұлғаларының өмір жолын жастарға айтамыз», — деді «Мағжан орталығының» директоры Жарасбай Сүлейменов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 563 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

