Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның атын абыроймен шығарып келеді. Қазіргі таңда өңірден 434 жоғары дәрежелі спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Алдағы қысқы Олимпиадаға ел атынан үш жерлес спортшының қатысуға мүмкіндігі бар, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыс әкімдігінде өткен жиында спорт саласының қазіргі жағдайы, ондағы жетістіктер мен қордаланған мәселелер талқыланды. Спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанованың айтуынша, өңірде 265 спортшы олимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданады.

«Жоғары нәтижелер көрсеткен 94 спортшыға ай сайын ақшалай төлем беріледі. Солтүстікқазақстандық спортшылардың соңғы жылдардағы жеңістері өңір үшін тарихи болып отыр. Ербол Хамитов – пара-биатлоннан әлем чемпионы және Хрусталь глобус иегері. Мейржан Берекетов – қазақ күресінен әлем чемпионы. Наталья Богданова – СҚО тарихында алғаш рет бокстан әйелдер арасында әлем чемпионы атанды. Махаббат Үмүтжанова – велоспорттан Азия чемпионы. Надежда Морозова – конькимен жүгіруден Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері. Аслан Асылбеков – кикбоксингтен әлем кубогының бес дүркін жеңімпазы», – деді басқарма басшысы.
Бұл жетістіктер өңірдегі спорт жүйесін дамыту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін көрсетеді. 2026 жылғы 25-ші Қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина қалаларында өтеді. СҚО-дан бұл додаға қатысуға үш спортшы кандидат атанды: Надежда Морозова, Кристина Шумекова, Виталий Щиголев.Үшеуі де конькимен жүгіру бойынша бақ сынамақ.
Ал 14-ші Қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз күндері өтеді. Өңірден тіркелген үміткерлер: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да өрт қауіпсіздігіне ауқымды аудит жүргізіледі: облыс әкімі бір ай мерзім берді

