2026 жылы бес күндік жұмыс аптасы бар қазақстандықтар 119 күн демалады. Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндерде демалыс күндері екі есе аз — 67 күн, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Келер жылы демалысы ең көп ай — мамыр болмақ. Бұл айда бес күн жұмыс істейтіндер 14 күн, ал сенбі күні де жұмысқа шығатындар 9 күн демалады.
«1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Ал Жеңіс күні — 9 мамыр — 2026 жылы сенбіге сәйкес келеді. Сондықтан демалыс дүйсенбіге, яғни 11 мамырға ауыстырылады. Тағы бір демалыс күні — 27 мамыр, Құрбан айт мерекесіне сәйкес келеді», — деп жазады Uchet.kz порталы.
7 және 9 мамыр — демалыс күндері, ал 8 мамыр — жұмыс күні болып саналады. Бірақ оны да қосымша демалысқа ауыстыру мәселесі әлі нақты шешілген жоқ.
Демалысы көп айлардың қатарында наурыз да бар. 2026 жылы 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні — жексенбіге түседі. Демек, келесі күн — 9 наурыз, дүйсенбі — де демалыс болады. Ал Наурыз мерекесі сенбі күні басталып, 21–25 наурыз аралығында қатарынан бес күндік демалыс береді.
Ал ақпан, сәуір, маусым, қыркүйек және қараша айларында қазақстандықтар тек дәстүрлі сенбі және жексенбі күндері ғана демалады.
Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда МӘМС-тің арқасында алғаш рет ми ісігіне эмболизация отасы жасалды

