2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтарды медициналық сақтандыруға жергілікті әкімдік қаржы бөледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Премьер-министр медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу жұмыстарын Денсаулық сақтау және Еңбек министрлігіне, өңір әкімдіктеріне жүктеді.
«2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылатын болады. Осындай ауқымды өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыруға күш жұмылдыру керек», — деді Үкімет басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту қолға алынып отыр. Биыл шілде айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Ол медициналық көмектің бірыңғай пакетіне және сақтандыру моделіне кезең-кезеңмен көшуді қамтамасыз етпек.
«Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Сондықтан әрбір адам медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек. Жаңа медициналық нысандардың ашылуымен халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі едәуір кеңейіп жатыр», — деді Олжас Бектенов.
Тағы оқыңыз: Өкпесінен жараланған жігітті петропавлдық дәрігерлер аман алып қалды