Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл нәтижелерімен танысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Қазмедиа орталығының» студиясында нәтижелер жарияланғаннан кейін мәлімдеді. Енді 15 наурыз- ҚР Конституциясы күні, деп жазады Qazaqstan Media.

Президенттің айтуынша, бұл күн Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Азаматтар конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді қатысып, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.

«Бүгін — Қазақстан үшін тарихи күн. Халқымыз Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Экзит-полл нәтижелері қазақ елінің түбегейлі тарихи таңдау жасағанын көрсетеді. Барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент 15 наурыз енді жыл сайын Конституция күні ретінде аталып өтетінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл — жаңару мен жаңғыру жолын таңдаған халықтың ортақ жетістігі.

Мемлекет басшысы референдумның ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өткенін айтты. Бұл пікірді отандық және халықаралық байқаушылар да қолдап отыр.

Президент азаматтардың белсенділігі ерекше жоғары болғанын, дауыс берушілер саны бойынша рекорд тіркелгенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, бүкілхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституция — елдің темірқазығы әрі адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі.

Мемлекет басшысы бұл құжат Қазақстанды жаңа жетістіктерге бастайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар референдумға жастардың белсенді қатысқанын ерекше атап өтті.

«Біз ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Ортақ күш-жігер арқылы келер ұрпаққа өркениетті, озық Қазақстанды аманат етеміз», — деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды тарихи шешіммен құттықтап, ел тәуелсіздігі мәңгі болсын деген тілегін жеткізді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда референдумға арналған дауыс беру аяқталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *