Биыл Қазақстанда Аналар күні алғаш рет тойланып отыр. Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде әлемнің 20-дан астам елінде тойланады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия бар, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Аналар күнін мерекелеу ананың қоғамдағы рөлін арттыруға, әр азаматтың ата-анасына құрмет көрсетіп, алғыс айта білуге тәрбиелеу, жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, отбасы институтын сақтауға және нығайтуға бағытталады.
«Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана»,«Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар», — деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елді мекендерде балалар мен жастарды тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесін шешу үшін, Қазақстандағы әйелдерін біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар кеңесі» жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Республикалық аналар кеңесінде елдің облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейлерінде 1713 бөлімше бар (оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық, 1481 ауылдық және этномәдени бірлестіктер жанында), олардың құрамына 16051 әйел кіреді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда тасқын судан зардап шеккен 18 үй жөнделіп жатыр