Петропавлда парамен ұсталған № 2-ші қалалық емхана директорының міндетін атқарушы Аманжол Қазиевке сот үкім шығарды. Оған пара берген «Айна-көз» көз орталығының басшысы да жауапқа тартылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Айта кетейік, 2024 жылдың шілде айында Петропавлдағы № 2-ші қалалық емхана директорының міндетін атқарушы Аманжол Қазиев парамен ұсталды. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсету шартын кедергісіз жасағаны үшін кәсіпкерден 118 мың 800 теңге алған. Ал оған параны «Айна-көз» көз орталығының бас директоры Олеся Леонтьева берген. Бүгін Петропавл қалалық соты осы екі азаматқа үкім шығарды.

«Аманжол Қазиев ҚР ҚК-нің 366-бабы 1- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған параның 25 еселенген сомасы, яғни 2 млн 970 мың теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды. Аманжол Жамақұлы енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот және жергілікті атқарушы органдарда, Ұлттық банк пен қаржы ұйымдарында және квазмемлекеттік секторда лауазымдық қызметтер атқара алмайды. Сондай-ақ одан 118 мың 800 теңге тәркіленсін», — деді үкімді оқыған Петропавл қалалық сотының судьясы Тахмина Собирова.

118 мың теңге үшін Петропавлдағы № 2-ші емхана мен «Айна-көз» орталығының басшысы сотталды

Ал Аманжол Қазиевке пара берген Олеся Леонтьева ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып,  параның 15 еселенген сомасы, яғни 1 млн 782 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ол да өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот және жергілікті атқарушы органдарда, Ұлттық банк пен қаржы ұйымдарында және квазмемлекеттік секторда лауазымдық қызметтер атқару құқығынан айырылды. Екі сотталушы да сот үкімі заңды күшіне енгеннен соң бір ай көлемінде айыппұлды өтеуі тиіс. Немесе қаржылық жағдайына байланысты кейінге қалдыру жөнінде арыз тастауға құқылы. Ал егер айыппұл көрсетілген мерзімде төленбесе, онда мәжбүрлеп өндіріп алу шарасы қолданылады не бас бостандығынан айыру көзделген.

Олар өз кінәсін мойындады. Сондықтан сот үкім шығарарда олардың бұрын істі болмағандығын, кәмелетке толмаған балаларының барын ескерген. Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқыңыз: Петропавлда су болмайды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *