СҚО-да өткен аптада ЖРВИ ауруының төрт мыңнан астам жағдайы анықталды. Өңірдегі жіті респираторлық вирустық инфекциялар және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады. Эпидемиялық маусым басталғалы вирус 25135 солтүстікқазақстандықтан анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға төмен. Былтырғы эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырудың 26841 жағдайы тіркелген болатын.
«ЖРВИ жұқтырғандардың дені (66%) 14 жасқа дейінгі балалар. Вирус 16632 баладан анықталды. Тек соңғы аптада ғана облыста ЖРВИ-дің 4012 жағдайы тіркелді», — делінген облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған ақпаратта.
Мамандар ЖРВИ мен тұмау ауруының негізгі белгілері байқалғанда-ақ дәрігерлерге жүгінуге кеңес береді. Ол – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақ ауруы және мұрынның бітелуі. Ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Ұзақ мерзімді ауру асқынулар тудыруы мүмкін. Олардың ішіндегі ең көп таралғаны және қауіптісі – өкпенің қабынуы.
«ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін үй-жайды күн сайын желдетіп, қолды мұқият жуу керек. Сондай-ақ антисептикалық құралдарды пайдаланып, аурудың көтерілу кезеңінде адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тарту не бетперде тағу қажет. Иммунитетті нығайту үшін спортпен шұғылданып, уақытында ұйықтап, тамақтану сапасын арттырған жөн», — деп мамандар қарапайым ережелерді еске салды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда биыл диқандарға рекордтық ақша бөлінген