Наурыздың бірінен бастап ел көлемінде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осы жолы 480 солтүстікқазақстандық әскери борыныш өтеуге аттанбақ. Бірақ 600-ге жуық жігіт Отан алдындағы міндетін өтеуге асығар емес, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Көктемгі әскерге шақыру науқанының алғашқы легі сегізінші наурызда жіберілді. 13 солтүстікқазақстандық өз міндеттерін Шығыс Қазақстан облысында өтейтін болады. Ал жалпы биыл көктемде 480 жігіт әскер қатарына шақырылуы тиіс.
«Қазіргі кезде 600-ге жуық солтүстікқазақстандық әскер қатарына барудан жалтарып жүр. Кейбірі басқа өңірлерде жұмыс істеп жүр. Оқуға кеткендері де бар. Біз олардың барлығының себептерін тексеріп, нақтылаймыз. Егер оқуға кеткендер болса, бірден сол жақтағы әскери есепке тұруы қажет», — деді СҚО қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Марат Каримов.
Мамандар Отан алдындағы борышын өтемей қашып жүргендерді қылмыстық, әкімшілік жазаға тартуға болатынын айтады. Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 647-бабына сәйкес, әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азамат, шақыртуға келмесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал медициналық куәландырудан не тексеруден жалтарғаны үшін үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
«Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, негізсіз әскери қызметке шақырудан жалтарса, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады немесе төрт жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар істейді. Бұл бап бойынша бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған», — деп нақтылады Марат Каримов.
Былтыр көктемгі әскери шақыру науқанында мамандар жоспарды толық жүзеге асыра алмаған болатын.
Тағы оқыңыз: Шал ақын және Мамлют аудандарының ХҚКО-да автомектеп түлектері емтихан тапсыра алмай жүр