Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына санаулы күн қалды. Бүгінгі таңда ұлттық құрама спортшыларшылары анықталып, қатысушылардың барлығы дерлік дүбірлі додаға сақадай сай. Әлемнің 35 елінен келетін ең үздік садақ атушылар сайыста қазақстандық өнімді пайдаланатын болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, садақ ату спорт түрі бойынша елімізге 200-ден аса спортшы келеді.Осы уақытқа дейін түрлі додаларда ел садақшылары қажетті құрал-жабдықты Түркия, Мажарстан мен Ресейден тапсырыспен алғызған. Кейінгі жылдары елімізде бұл өндіріс те жолға қойыла бастады. Сол себепті, көшпенділер ойынына қатысатын үздік садақшылар Қазақстандық «Алтын жебе» атты цехтың шығарған оқтарын пайдаланатын болады. Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайын.
«Біздің садақ атушыларға Түркия, Қырғыстан, Моңғолияның мергендері бәсеке тудырары анық. Франция, Италия, Испания, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да өте мықты. Дегенмен, біздің спортшылар да осал емес. Жүлдеден үміттіміз», — дейді бас бапкер Диас Ахметов.
Айта кетейік, дәстүрлі садақ атудан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 10 спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың мүшелері де дайындық барысында отандық өнімді пайдаланып, жаттығуларын пысықтап жатыр.
Тағы оқыңыз:Елімізде 461 мың азамат несие алудан өз еркімен бас тартқан