Қазақстанда жазасын өтеп жатқан 1220 әйел мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы мәжілісмендердің рақымшылық жасау туралы жолдаған депутаттық сауалына жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Ауыл» партиясының фракциясы Ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдап, ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жазасын өтеп жатқан әйелдерге рақымшылық жасау мәселесін қарастыруды сұрады. Олар қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жариялау керек деген.

Оған жауап берген Ержан Сәденовтың айтуынша, бүгіндері еліміздегі түзету мекемелерінде 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Олардың 2692-сі бас бостандығынан айырылған болса, 3707-сі пробациялық бақылауға алынған.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2002 әйел сотталды, олардың 1766-сы алғаш рет, ал 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған. Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге жаза мерзімін қысқарту мүмкін», – делінген ІІМ жауабында

Ержан Сәденов рақымшылық жасау кезінде әйелдердің әлеуметтік жағдайы да ескерілетінін айтқан. Сөйтіп, бүгіндері жазасын өтеп жатқан 29 мүгедек (I топ – 3, II топ-3, III топ – 15), 60 жастан асқан 243 әйел, 13 жүкті келіншек, 3 жасқа дейінгі сәбиі бар 58 әйел мен 226 көп балалы ана мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.  

Сондай-ақ министр Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабын еске салып, заң мен сот алдында барлығы тең екендігін айтты. Яғни, ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды. Өйткені, жазасын өтеушілер арасында әлеуметтік осал адамдар санатына жататын ер азаматтар да бар. Олардың саны 920 адамды құрайды.

«Сонымен қатар, бірінші рет сотталғандарды және зорлық-зомбылықсыз қылмыстар жасағандарды босату мәселесі жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды ескере отырып, одан әрі талдауды қажет етеді. Осылайша, екі мыңнан астам сотталғанды босату бюджетті күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнемдеуге әкеп соғуы мүмкін (1 сотталғанға жалпы шығындар күніне – 2900 теңге, тиісінше жылына 2,1 млрд теңге). Бұл шара гуманизм қағидаттарын, мемлекеттің әлеуметтік саясатын қолдауды, әйелдерді бейімдеуді, олардың отбасылық құндылықтарын нығайтуды және балалардың құқықтарын сақтауды, сондай-ақ ҚАЖ түзеу мекемелерінде өтеушілердің жүктемесін азайту есебінен мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруды және сотталғандарды ҚАЖ мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсартуды көрсету болып табылады», — дейді Ержан Сәденов.

Бірақ министр бұл зардап шеккен азаматтар арасында наразылық тудыруы мүмкін дейді.  

Тағы оқыңыз: Мұз үстінен бас киімі табылды: СҚО-да қараша айында жоғалған зейнеткер әлі іздестіріліп жатыр

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *