Шәкірт тәрбиелеу, бала оқыту. Ыбырай салған сара жолдан таймай, ұлт тәрбиесіне тікелей араласып жүрген мұғалімдердің орны қоғамда әрқашан ерекше. Ұстаз болуды таңдаған жандардың арасында өмірлерін осы саламен байланыстарған әулеттердің бірі-Айжарқыновтар отбасы, деп жазады Qazaqstan Media.
Айжарқыновтар әулетінің отанасы Зураш Сейтеновадан бастап, ұл-қыздары да педагогтар. Ана жолын қуған Гүлнұр Амантайқызы, ұстаздық – біздің әулетіміздің ең қастерлі мұрасы, дейді.

«Адам өмірінде жол сілтер шамшырағы, бағыт нұсқар темірқазығы – ол ұстаз. Ал біз үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, тұтас әулеттің өмірлік мұраты мен қасиетті аманаты.Біздің бұл қасиетті жолымыз анамыз Сейтенова Зураш Байдолқызының ізімен басталды. Ол кісі 45 жыл бойы Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылында математика пәнінің мұғалімі болып, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Анамыздың еңбекқорлығы, сабырлылығы мен шәкіртке деген шексіз сүйіспеншілігі бізге өмірлік үлгі болды. Сол себепті де бәріміз ананың жолын жалғап, ұстаздықты өз тағдырымызға айналдырдық»,- дейді Гүлнұр Амантайқызы.
Айжарқыновтар отбасында бір ұл, үш қыз. Төрт баланың барлығы да еңбек жолдарын бала тәрбиесіне арнаған. Мәселен, үйдің үлкен қызы Гүлшат Амантайқызы бүгінде Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Білім саласында еңбек етіп, оқушыларға білім нәрімен сусындатып жүргеніне 30 жыл.

Отбасының ортаншы қызы Гүлназ Амантайқызының еңбек өтілі-25 жыл. Ол мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларды әліппемен таныстырып, жазу-сызуды үйретіп келеді. Бүгінде Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының құрметті ұстаздарының бірі.
«Ағам Данияр Амантайұлы – Петропавл қаласындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Еңбек өтілі — 23 жыл. Өзім болсам, Петропавл қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін мектептең жұмыс істеп келемін. Педагог болып жүргеніме 17 жыл болады. Біздің барлығымыздың жүрегімізде бір ортақ сезім бар — ол шәкіртке деген сүйіспеншілік пен ұстаздыққа деген адалдық. Уақыт алға жылжыса да, ұстаздық абырой мен жауапкершіліктің биігі еш төмендеген емес. Анамыздың «Ұстаздық – ұлы борыш, ол жүрекпен атқарылатын қызмет» деген сөзі әрдайым өмірлік ұранымызға айналды. Бүгінде ұстаздық – біздің әулетіміздің ең қастерлі мұрасы»,- дейді Гүлнұр Амантайқызы.
Ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі 140 жылды құрайды. Бұл — жүзден астам ұрпақтың сауатын ашқан, мыңдаған шәкірттің жүрегінде із қалдырған ұлағат пен еңбектің өлшеусіз жемісі.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданының мұғалімдері төл мерекелерінде құрметке бөленді