Петропавлдағы №17 Ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде бастауыш сынып мұғалімдері арасында кәсіби шеберлік байқауы өтті. Ол ұлағатты ұстаз Гүлмира Кәрімованы еске алуға арналды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Бұл іс-шара – білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаздың рухына тағзым ету мен жас педагогтерге үлгі көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Гүлмира Кәрімова талай жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, біраз игі істердің басы-қасында жүрді. Ол өзінің еңбек жолын қалалық классикалық гимзанияда бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Сол кезде оны жұмысқа Жангелді Тәжин қабылдап, бағыт-бағдар берген екен.

«Мен Гүлмира Кәрімованың алғашқы басшысы болдым. Сол кезде жап жас маманды жұмысқа қабылдадық. Ол кісінің еңбек жолы, ізгі қасиеттері жастарға әрдайым үлгі», — деді ардагер ұстаз Жангелді Тәжин.

Кейін Гүлмира Кәрімов қаладағы бірқатар білім ордасында мұғалім, директор болған. Ал 2017-2021 жылдар аралығында облыстық білім басқамасын басқарды. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы болды. 2023 жылдың 14 қаңтарында өткен сайлауда жеңіске жеткен ол ҚР Парламенті сенатының депутаты болып сайланды. Ал 27 қаңтар күні Гүлмира Кәрімова қайтыс болды деген қаралы хабар келді. Алдымен оған «анафилактикалық шок» диагнозы қойылған болатын. Бірақ кейін 45 жасында көз жұмған Гүлмира Кәрімованың өліміне жүрек талмасы себеп болғаны анықталды.

Айта кетейік, Гүлмира Кәрімова бір кездері №17 Ұлттық өркендеу мектеп-кешенін де басқарған. Сондықтан оны еске алуға арналған байқаудың дәл осы оқу ордасында өтуі бекер емес. Бұл байқау – ұстазға деген құрметтің, мұғалім мамандығына деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.

«Бүгін бастауыш сынып мұғалімдері арасында Гүлмира Кәрімованы еске алуға арналған кәсіби байқау өтуде. Байқаудың басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттырып, жаңа әрі инновациялық әдістемелерді анықтап, оларды тәжірибеге енгізу. Аталмыш сайыс үш кезеңнен тұрады: біріншісі – таныстыру, екінші – ашық сабақ, үшінші кезең – ата-аналармен өткізілетін бейнежиналыс», — деді «Әдістемелік орталық» КММ директоры Роза Сәркен.

Аталмыш байқау екінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл іс-шара ұстаздардың кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және білім беру сапасын арттыруға зор үлес қосады.

 

Тағы көріңіз: СҚО-да жетім балаларға арналған үйде бөгде адамдар тұрып келген

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *