Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында 2024 жылғы 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді. Ауқымды спорттық шараға 10-нан астам елден командалар қатысады деп күтілуде. Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы Ресей Федерациясының және т.б. елдердің шнабандоздары дүбірлі додада бақ сынайтын болады, деп жазады Qazaqstan Media.
«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесінде 10-нан астам елден келетін шабандоздар 500 шақырымға жарысады.Қырғызстан ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов аталмыш бәйгеге шақыруды қабылдау үлкен мәртебе екенін айтты.
«Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны өтті. Барлық командаларға сәттілік тілеймін және жеңімпаздардың көп болуын қалаймын. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін», — деді М.Сұлтанов.
Марафон-бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде 3 қыркүйекте бастау алады.
Ат жарысы елордада 7 қыркүйекте аяқталады. Оның жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, «JORYQ» республикалық федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, Қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және т.б. федерациялар кіреді. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығына белгілі кәсіпкер, меценат, «Алтын Қыран» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы» Исламбек Салжанов басшылық етеді.
Тағы оқыңыз: Петропавл қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды