V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы Дала Жорығы» бірегей марафон-бәйгесінің республикалық іріктеу кезеңі 12 мамырда басталады. 11 наурызда «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Кездесу барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жиын барысында «Ұлы Дала Жорығы» республикалық іріктеу турының өтетін орны мен басталу күні белгіленді. Осылайша, марафон-бәйгенің басталу нүктесі ретінде Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясы таңдалды. Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамырда Астанада аяқталады. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрамақ. Үздік үштікке енген жеңімпаз командалар қыркүйек айына жоспарланған «Ұлы Дала Жорығы» халықаралық турына лицензия ұтып алады. Қазіргі таңда аймақтық кезеңі жүріп жатыр, олардың жеңімпаздары ұлттық іріктеу турына жолдама алады.
Тағы оқыңыз:2025 жылдан бастап жеке медициналық кітапшаны онлайн форматта алуға болады