Петропавл қалалық соты ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырған қалалық әкімдікке қарасты «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» КМК басқарған Павел Булаевқа үкім шығарды. Депутаттың мүлкі тәркіленіп, ол сегіз жылға сотталды. Онымен бірге коммуналдық кәсіпорынның тағы үш қызметкеріне түрлі жаза тағайындалды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Павел Булаев 2017 жылдан бері қаладағы ең ірі коммуналдық кәсіпорындардың бірі — «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» КМК басқарған. 2023 жылы облыстық мәслихат депутаты атанған. Ал былтыр ақпан айында СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен Павел Булаевты қамауға алды. Кейін оның орынбасары Денис Маршалов, заң бөлімінің жетекшісі Руслан Яковенко мен Лев Шакшакбаев ұсталды. Бұлардың барлығы өз аттарына кәсіпорын ашып «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» КМК-мен келісімге отырып, кәріз желілерін реконструкицялау, сорғы станцияларын жөндеу және арнайы техниканы жалдау бойынша қызметтер көрсеткен-мыс. Бірақ ол фирмалардың кейбірінің қажетті техникасы тіпті қызметкерлері де болмаған. Сондықтан жұмыстардың барлығын әкімдікке қарасты коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері жасаған. Ал бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржы әлгі төртеудің қалтасына түсіп отырған.
Бар мүлкі бұрынғы әйелінің атына жазылған
Павел Булаев бұл іске өзінің бұрынғы әйелі Анжелика Булаеваны да тартқан. Оның атына да компания ашылып, осы схема бойынша ақша түсіп отырған. Және экс-жарының атына депозит ашып, бар мүлкін жазып қойған. Осыдан-ақ олардың қатынасы тек қағаз жүзінде ғана үзілгенін көруге болады.
Бұл істе Павел Булаевтың балдызы Юрий Чеканиннің де аты бірнеше рет аталады. Себебі, Анжелика Булаева олардың ашқан алғашқы компаниясы «Техносила СК» ЖШС осы бауырының атына түсірген.
Алты айға жалғасқан сот процессі бүгін аяқталды. Петропавл қалалық соты Павел Булаевті сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның сыбайластары Денис Маршалов, Руслан Яковенко және Лев Шакшакбаев жеті жыл алты айға сотталды. Айта кетейік, осы уақытқа дейін бұл үшеу үй қамақта болған еді. Сондықтан олар сот залында қамауға алынды.
«Енді айыпталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот, қаржы саласында жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ қалалық әкімдіктің материалдық шығыны қанағаттандырылды. Сөйтіп, олар 805 млн теңгеден астам соманы қайтаруы тиіс. Бұдан бөлек, Павел Булаевтың қылмыстық жолмен келген бар мүлкі тәркіленеді», — деді үкімді оқыған Петропавл қалалық сотының судьясы Азамат Әшімов.
Ол Анжелика Булаеваның иелігіндегі құны 1,5 млн теңге болатын гараж, қала орталығында орналасқан құны 19 млн болатын дүкен, жалпы құны 94 млн теңге астатын алты пәтер. Құны 27 млн теңгеге жуық болатын шеберхана, бірнеше жер учаскелері тәркіленді. Сондай-ақ, құны 32 млн теңгеден асатын Toyota Land Cruiser 200, РФ Екатеринбург қаласында тіркелген құны 14 млн теңгеден асатын BMW X6, Юрий Чеканиннің иелігіндегі Porsche Macan көлігі де бар. Бұдан бөлек, «Техносила СК» ЖШС тиесілі тиегіші бар екі экскаватор, Foton көлігі, екі КамАЗ, УАЗ 3909 және ГАЗ-53 көліктері тәркіленді.
«Сот процессі барысында айыпталушылардың ешбірі өз кінәсін мойындамады. Дегенмен, олардың кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденді. Жазаны тағайындау кезінде Булаев, Маршалов, Шакшакбаевтың кәмелетке толмаған балалары бары ескерілді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады», — деді үкімді түсіндірген судья.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Мемлекеттік рәміздер күніне орай жаппай жүгіру шарасы өтеді