Бүгін Қызылжар ауданының Большая малышка ауылында сенбілік өтті. Елді мекен тұрғындары жаппай тазалық акциясына қатысып, тасқын судан кейінгі қоқысты тазалады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Тасқын су Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылындағы тұрғындардың барлығына дерлік өз зардабын тигізді. Елді мекенде жалпы 888 адам тұрады. Олардың көбі тасқын суда кейін баспанасыз қалды. Большая Малышка ауылында су тасқыны кезінде электр желілеріне де зақым келген. Мамандардың сөзінше, қазір барлығы қайта қалпына келтірілген.

Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылы қоқыстан тазартылды

«Ауыл тұрғындарына үйлерінен шыққан қоқысты, жарамсыз заттарды жол жиегіне шығарып қоюлары керек екенін ескерттік. Осылайша ауылды керексіз заттардан тазартатын боламыз. Елді мекенде мүмкіндігі шектеулі жандар көп тұрады. Оларға да көмектесіп жатырмыз. Қолымыздан келгенше барлық көмекті көрсететін боламыз. Жалпы ауылды толықтай қайта қалпына келтіруге 45 млн теңгеге жуық қаражат керек», — деді Березовка ауылдық округінің әкімі Владимир Рудер.

Қазір ауылдағы су колонкаларын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депаратментінің мамандары тексеріп жатыр. Ал су шайып кеткен жолдарды жөндеу үшін сметалық құжаттар дайындалуда. Бүгін сенбілікке Қызылжар ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен түрлі мектеп ұжымдары қатысты. Сондай-ақ қоқысты жинауға Тайынша, Айыртау ауданынан да көмек келген.

Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылы қоқыстан тазартылды

«Біз бүгін Айыртау ауданының әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан 9 адам келіп отырмыз. Ауыл тұрғындарына аулаларын қоқыстан тазартуға көмектесіп жатырмыз. Ухабов көшесі бойында орналасқан үй иелеріне көмектеспекшіміз. Бұл жерде жалғызбасты қариялар көп екен. Барлығына жарамсыз заттарын сыртқа шығаруға көмектесетін боламыз», — деді Айыртау ауданының тұрғыны Нұрлан Байсейітов.

Тасқын судан зардап шеккендердің бірі — Светлана Соснова. Ол Большая Малышка ауылында 1987 жылдан бері тұрады екен.  Оның баспанасына техникалық бағалау жүргізіліп, тұруға жарамды деп танылған.

Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылы қоқыстан тазартылды

«Үйде жалғыз өзім тұрамын. Екі балам Ресейде, ал үшінші балам көрші ауылда тұрады. Жұмысы болған соң маған көмектесе алмайды. Бүгін міне қайырымды жандар келіп үйімдегі қоқысты лезде сыртқа шығарып тастады. Екі рет комиссия келіп, бағалап, тексеріп кетті. Жарамсыз заттарды сыртқа шығарғаннан соң кептіру жұмыстарын бастаймыз», — деді ауыл тұрғыны

Большая Малышка ауылында үйі тасқын судан қатты зардап шеккендердің қатарында Сәуле Жакубаевада бар.Ол Жамбыл ауданының тумасы. Алайда 7 жыл бұрын Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылына көшіп келіпті. Қазір ұлы мен келіні, немерсі барлығы бірге тұрады.

Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылы қоқыстан тазартылды

«Ұлым да келінім де осы ауылда жұмыс істейді. Су тасқыны мұндай қатты болады деп ойламадық. Үйім 1961 жылғы. Дегенмен өзіміз күрделі жөндеу жұмыстарын жасап едік. Оның барлығы зая кетті. Комиссия келіп бұл үй тұруға жарамсыз деді. Енді күтіп отырмыз», — деді Сәуле Жакубаева.

Тағы оқыңыз:Жамбыл ауданынан келген мехбригада су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіріп жатыр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x