Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер басталып кетті. Бүгін аудан аумағындағы 19 ауылдық округтің барлығында тазалық акциялары ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым мамандары мен коммуналдық қызметкерлер қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Алты ай қыс бойы жиналған қоқысты тазарту үшін қызылжарлықтар бүгін сенбілікке шыққан. Оған аудан әкімі бастаған әкімдік қызметкерлері, өзге де ұйым мамандары шықты. Олар Бескөл ауылындағы Қазақстан көшесі бойындағы балалар алаңын шашылып жатқан қағаз, пластикалық бөтелкелерден тазартты. Осы жерде орналасқан автобус аялдамасының маңы да күл-қоқысқа әбден толып кеткен. Оны сенбілікке шыққан мамандар тап-тұйнақтай жинап, қураған шөпті жұлып тастады.
Алаңда футбол алаңы да орнатылған. Оның кем-кетігін, бұзылып-қираған жерлерін арнайы мамандар келіп түзеп берді. Кішкентай қызымен ойын алаңына жиі келетін Айнұр Ғалымжанова сенбіліктердің жиі ұйымдастырылатына қуанышты. Себебі, балалар жүретін жер таза болуы керек дейді ол.

«Мен осы көшеде тұрамын. Күн жылынғасын қызымды ойын алаңына жиі әкелемін. Бірер күн бұрын келгенде қоқыс көп болатын. Бүгін сенблік болып, тазаланып қалды. Аудандық әкімдік мамандарына, аудан әкіміне алғыс айтамын. Бұл бәріміздің ортақ үйіміз. Енді қоқыс жәшіктеріндегі қоқысты уақытылы төгіп отырса деймін. Себебі, олар толып қалса, балалар қағаз, пластик бөтелкелерді маңына тастай салады», — дейді тұрғын.
Ауданда қар еріп, жер кепкесін-ақ сенбіліктерұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Бұл жолы да экологиялық акцияға аудандағы барлық 19 ауылдық округ қатысуда.

«Қыстан кейін біраз қоқыс жиналыпты. Соны тазалау керекпіз. Жалпы мен аудан тұрғындарын осындай сенбіліктерге қатысып, белсенділік танытуға шақырамын. Сонымен қатар, өз ауламызды, тұрып жатқан жерімізді таза сақтап, ластамауды сұраймын. Біз мұндай сенбіліктерді апта сайын ұйымдастыратын боламыз. Кейін коммуналдық қызметтер тазалықты бақылап отыратын болады», -дейді аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов.
Биыл Қызылжар ауданында абаттандыру жұмыстары бойынша жоспар ауқымды. Мәселен, Жеңістің 80 жылығына орай ескерткіш, стеллалар жөнделеді. Бескөлдегі орталық саябақ жаңартылып, 11 көшедежөндеу жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Жарықтандыру мен көшет егу жұмыстары да қолға алынбақ.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданында егіс науқанына дайындық қызған