Қызылжар ауданы Шаховское ауылының тұрғындарынан алынған 39 қап құс етінен пастереллез анықталмаған. Бұл арнайы сараптаманың нәтижесі. Қорытынды 22 желтоқсан күні шығарылған, деп жазады Qazaqstan Media.
Желтоқсанның 10-і күні Қызылжар ауданы Шаховское ауылының ағайынды екі азаматы ауылдан құс етін шығаруға салынған шектеуге қарамастан, 39 қап құс етін көлікке тиеп жолға шыққан. Олардың бұл әрекеті жолда тексеріс барысында анықталып, өнімдері тәркіленіп, ет сараптамаға жолданған болатын. Себебі аталмыш ауылдың құстарынан пастереллез ауруы анықталған болатын. 11 желтоқсанда сараптама алынып, нәтижесі 22 желтоқсанда шыққан. Онда құс етінен жұқпалы ауру белгілері табылмапты.
«Бұл құс еті жеуге жарамды деген сөз. Біз қазір арнайы қоймада сақталып жатқан тұтас құс еттерін иелеріне қайтарамыз. Бірақ, олар саудаға шығармас бұрын ветеринардан рұқсат алып, маман әр құсқа сатылымға жарамды екені туралы таңба басу керек»,-деді бас мемлекеттік ветеринар инспекторы Қайырлы Казанов.
Сонымен қатар, арнайы рұқсат құжатсыз құс етін тасымалдағандары үшін ағайындылардың әрқайсысына 20 АЕК айыппұл салынған.
Тағы оқыңыз: Ауыл шаруашылығы министрі СҚО-дағы агроөндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

