Көктемгі су тасқыны кезінде үйлерін су басқан Қызылжар ауданындағы 34 отбасыға Петропавлдағы Бірлік шағын ауданынан жаңа үй берілді. Ал 274 жанұя өзге елді мекендерден баспана алған, деп жазады Qazaqstan Media.
Су тасқыны кезінде Қызылжар ауданында 1546 үй су астында қалып, оның 1387-сі апатты деп танылды. Қазіргі таңда 308 отбасы баспаналы болды. Оның 34-і Петропавл қаласындағы Бірлік шағын ауданындағы жаңа үйлерге көшіп келген.
«Қазіргі кезде аудан бойынша тасқыннан зардап шеккен 99 отбасыға баспана берілген жоқ. Оның 74-і Бірлік шағын ауданындағы құрылыстың аяқталғанын күтуде. Қалғандары бойынша құжаттар жиналып, аудан бойынша басқа баспана қарастырылып жатыр. Айта кету керек, біз алдымен тұрғындардың үй-жайын жақсартуға ниеттіміз. Сондықтан алатын үйдің жаңа болғаны, шаршы метрі үлкен болғанын қарастырып жатырмыз», — деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева облыстық қоғамдық кеңесте.
Қызылжар ауданында 980 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілу тиіс. Олардың 861-ін тұрғындар өз күштерімен ретке келтіруді жөн санаған. Ал 58-ін мехбригадалар жөндейді. Аудан әкімінің орынбасары тасқынның салдарын жою барысында қиындықтар туындап жатқанын да жасырмады.
«28 баспана иесі комиссиядан өткен жоқ. Оның ішінде 13 үй жөнделуі тиіс. Қалғаны апатты деп танылған. Осы 28 үйдің бесеуінің иесі Қазақстаннан тыс жерде жүр, 22-сінің құжаттары дұрыс емес. Кейбірінің есепшоттары бұғаттаулы. Біз осы бағытта тұрғындарға заң тұрғысынан көмектесіп, құжаттарын ресімдеуді тездетіп жатырмыз», — деді Алма Нұрғалиева.
Аудан әкімінің орынбасары, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды жылыту маусымы басталғанға дейін қоныстарына орналастырамыз деп отыр.
Тағы оқыңыз: Үлескерлердің ақшасына сауықтыру кешенін салған: Петропавлда құрылыс компаниясының басшылары сотталды