Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Шэньси провинциясында ресми сапармен болды. Нәтижесінде екі елдің арасында 93 млрд теңгенің келісімі мен меморандумдарына қол қойылды, деп жазады Qazaqstan Media.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Идэмен ресми кездесу өткізді. Жиында өзара серіктестікті дамыту мәселелерін талқыланды. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан мен Шэньси провинциясындағы «Чан-Ба» халықаралық портымен сауда байланысын кеңейту бойынша меморандум жасалды.
Біздің делегация Сиань қаласындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Олар сауда-логистикалық компания мен халықаралық порттың қызметімен танысты.
Сонымен қатар, өңір басшысы Aiju компаниясының өндірістік кешенінің жұмысымен танысып, компания басшысы Цзя Хэй кездесу өткізді. Сиань қаласында СҚО өнімдерінің орталығы ашылды. Aiju компаниясының біздің облыста майлы дақылдарды өңдейтін және ұн-тарту кешені кіретін үлкен агроөнеркәсіптік кластері бар.
Енді бұл компания облыс аумағында агропарк жасамақ. Оның құрамына жел электр станциясы, ет өңдеу зауыты, азық-түлік өндірісі мен логистикалық орталық кіреді. Бұл жобалар бойынша 93.5 млрд теңгеге меморандумдарға қол қойылды. Оның ішінде 5.5 млрд.тг Атамекен-Агро мен ФамСам компаниясы арасында элеватор қондырғысын жасауға бағытталған контракт. Облыс әкімі инвесторлармен жобаларды жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылап, бөлек кездесті.
Сапар барысында делегация Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің заманауи жылыжайы және жетістіктерімен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов осы университетте білім алып жатқан қазақстандық докторанттармен кездесті. Университетте ғылыми жобаларды зерттеп, әзірлейтін бірлескен қазақ-қытай мал шаруашылығы зертханасының ашылу салтанаты өтті.
Тағы оқыңыз: Ақжар ауданында ұстаздарға арналған облыстық семинар өткізілді