Қоқыс шығару ережесін бұзғандарды бейнекамералар арқылы анықтап, жазалау керек – С. Мұхамедиев

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев МИБ және ПИК төрағаларымен кездесіп, қоқысты шығару мәселесін талқылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Шаһар басшысы кездесуге МИБ пен ПИК төрағаларының тек 30 пайызы ғана келгенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай маңызды тақырып көтерілетін жиындарға немқұрайлы қарау, төрағалардың коммуналдық мәселеге деген көзқарасын көрсетеді.

Экологиялық мәселені шешу үшін ұйымдастырылған кездесу пікірталасқа толы болды. Өйткені, қаладағы аулалардың жағдайы көңіл көншітпейді. Қоқыс жәшіктерінің маңында сынған бұтақтар мен лақтырылған ескі жиһаздар, одан қалды шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар салынған пакеттер үйіліп жатыр. Бұл әр екінші ауладағы көрініс. Аталған проблеманы әкімдіктегілер білмейді емес, біледі. Оның барлығын мамандар әлеуметтік желілер арқылы көреді екен.

«Соңғы уақытта ескі жиһаз сынды ескі заттарды  аулаға шығарып тастау фактілері артқан. Яғни, ПИК төрағалары да, түрлі органдар, соның ішінде полиция мен ТКШ бөлімі тарапынан тиісті бақылау жоқ. Біз жағдай туралы тек әлеуметтік желілердегі жазбалардың арқасында білеміз. Өкінішке қарай, мәселе жария болған кезде ғана әрекет етеміз», — деп атап өтті шаһар басшысы Серік Мұхамедиев.

Қоқыс шығаратын компаниялар бірнеше рет үлкен көлемді заттарды полигонға шығарған. Қызметті олар тегін көрсетіпті. Бірақ соған қарамастан, рұқсат етілмеген жерге қалдықтарды шығару әдеті әлі тыйылмай отыр.

«Қоқыс жәшіктері тек қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналғанын есте ұстаған жөн. Ал құрылыс қоқыстары мен жиһаздар ол жерде жиналмауы керек. Үлкен көлемді қоқысты сыртқа төгу ақылы түрде жүргізіледі», — деп еске салды Петропавл қаласының әкімі.

Айтпақшы, 2023 жылғы алтыншы маусымдағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына сәйкес, іргелес аумақта құрылыс және ірі габаритті қалдықтарды қоқыс жәшіктерінің алаңдарына жинауға болмайды.  Басқаша айтқанда, жеке және заңды тұлғалар құрылыс және ірі көлемді қалдықтарды арнайы бөлінген орындарға өз бетінше әкету керек.

«Мұны бәрі біледі. Бірақ, өкінішке қарай, оны түзетуге ешкім асықпайды. Аулалардағы тәртіпті қадағалау – ПИК-тің тікелей міндеті. Бұл тек қоқысқа ғана қатысты емес», — дейді Серік Мұхамедиев.

Бүгіндері қоқыс жәшіктерінің маңында 33 бейнекамера орнатылған. Бірақ соның өзінде ескі жиһаз бен құрылыс материалдарын жәшіктердің маңына тастайтындарды анықтау мүмкін болмай отыр.

«ТКШ бөлімінің кемшілігі бар, неге камералар арқылы қадағаламайсыздар, құқық қорғау қызметіне бермейсіздер? Естеріңізге сала кетейік, қоқыс алаңдарында бейнекамераларды орнатуға бюджет қаражаты жұмсалған болатын. Жағдайды бақылау үшін осы технологияларды белсенді қолдану керек», — деді қала әкім.

Қалада абаттандыру ережелерін сақтамауды анықтайтын рейдтер жүргізілуде. Нәтижесінде, тек бір апта ішінде 65 адам жауапқа тартылды. Жыл басынан бері 3 939 бұзушылық тіркелді. Әкім осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданының әкімі ауысты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *