Қазақстан Үкіметінде негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды. Жиында жылыжай көкөністерінің маусымдық қымбаттауы ерекше назарға алынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шекарадағы өткізу бекеттерінде Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністерге «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды. Бұл шешім, әсіресе, жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерді қияр мен қызанақ сияқты өнімдермен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекелері қарсаңында елдегі ірі супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы өтеді. 22–31 желтоқсан аралығында фермерлерден тікелей жеткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері төмендетілген бағамен сатылмақ.
Үкімет мәліметінше, желтоқсан айында өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңа жылдық жәрмеңкелер саны артады. Республика бойынша 800-ден астам жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру қағидаларына енгізілетін өзгерістер туралы хабарлады. Енді бұл салада онлайн-мониторинг жүйесін енгізу міндетті болады.
Үкіметтің баспасөз қызметі атап өткендей, келесі жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың барлық қоймалары кезең-кезеңімен цифрлық бақылау жүйелерімен жабдықталады. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорларының көлемі мен сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да автокөлік екі «Газельге» соғылды: жеңіл машинаның иесі ауыр халде

