Солтүстік Қазақстан облысында қазан айында ауа райы күрт құбылмаса да, түнгі суықтар айтарлықтай сезіледі. Синоптик мамандардың болжамынша, орташа айлық температура +4…+5°С шамасында қалыптасады, бұл – нормаға сәйкес көрсеткіш, деп жазады Qazaqstan Media.
Кей түндері термометр бағаны -10°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Айдың алғашқы онкүндігінде күндіз +11…+13°С жылы болса, түнде -2°С дейін салқындайды. Қазан айының ортасында да ауа райы тұрақты болып, күндіз +7°С-қа дейін жылынса, түнгі уақытта -5°С суық күтіледі.
«Айдың соңына қарай салқындата түседі: кей күндері күндіз +4…+9°С жылылық сақталғанымен, кей кездері 0°С-қа жақындайды. Түнде -5…-10°С суық болады»,-деп болжап отыр мамандар.
Синоптиктердің айтуынша, жауын-шашын жылдағыдай түседі. Кей аудандарда ылғал мөлшері артуы мүмкін. Жаңбыр біртіндеп қарға ұласып, айдың соңында көктайғақ болуы ықтимал. Сонымен қатар, қазан бойы жел жиі тұрады, екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Тағы оқыңыз: Қазан айы – кәсіби мерекелерге толы ай

