Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы номиналы 500 теңгелік банкноттарды айналымға шығарды. Жаңа ақша белгілері «Сақ стилі» сериясының бесінші банкноты болып табылады, деп жазады Qazaqstan Media.
Ұлттық Банктің мәліметінше, жаңа банкнот 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап жаппай қолданысқа ене бастайды. Жаңа 500 теңгелік банкнот көк түсті. Бет жағында көкте қалықтаған құс пен «Бәйтерек» бейнесі бар.Сондай-ақ Берел қорғанынан табылған арқар басы түріндегі артефакт бейнеленген.
Артқы бетінде ою-өрнекпен көмкерілген қалқан фонында Қазақстанда мекендейтін арқардың бейнесі орналасқан. Сонымен қатар, «қалқан», дүниенің төрт құбыласы және күн нышаны тәрізді символдық элементтер бар. Банкноттың ортасында қазақи «шексіздік» өрнегі және Мұзтаудың көрінісі бейнеленген.
«Жаңа үлгідегі 500 теңгелік банкноттар 2017 жылғы үлгідегі банкноттармен қатар 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін айналымда қатар жүреді. Бұл кезеңде ескі банкноттарды жедел ауыстырудың қажеттілігі жоқ»- дейді ҚР ҰБ.
2027 жылғы 25 желтоқсаннан бастап ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейдегі банктер мен Қазпошта бөлімшелерінде 3 жыл ішінде айырбастауға болады. Ал Ұлттық Банк филиалдары оларды мерзімсіз қабылдайды.
Ұлттық Банк жаңа және ескі үлгідегі банкноттардың екеуі де заңды төлем құралы болып саналатынын еске салды. Қазақстан аумағында оларды төлемдер мен аударымдар кезінде қабылдаудан бас тарту әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады.
Тағы оқыңыз: «Қуаныш» ВК кезекті рет жеңіске жетті

