Қазақстанда Қылмыстық кодекске сталкинг ұғымы енгізілді. Енді адамды аңдып, қорқытатындар 50 тәулікке қамалады, деп жазады Qazaqstan Media.
Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа, сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар.
Сталкингті тек ерге тән деп тану дұрыс болмас, дегенмен жәбір көргеннің көбі — әйел. Еуропалық гендерлік институтының мәліметіне сүйенсек, әрбір оныншы әйел сталкингке ұшырайды.
Бұрын сталкингті отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік деп қабылдап келдік. Заңнамада «сталкинг» деген тармақ та, түсінік те болмады. Тіпті құқықтық анықтама берілген жоқ. Қылмыстық кодекске сталкингке қатысты әркеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Ол мынаны қамтиды:
Адамның еркінен тыс байланыс орнату;
Зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, алайда елеулі зиян келтірген әрекет;
Адамның ізіне түсу;
Адамды қудалау 115-1-баппен жазаланады.
Құқық қорғаушылардың сөзінше, егер сталкинг жайлы күдік пайда болса, алдымен оны дәлелдейтін айғақ жинаған жөн. Оған екеуара сөйлескен әңгіме, әлеуметтік желідегі жазба, хат алмасу, бейнежазба секілді фактілер кіреді.
Тағы оқыңыз: СҚО тұрғыны бақшасынан снаряд тауып алды