Елімізде «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Оны Парламент сенаты мақұлдады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Палатаның әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарованың айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңға мынандай жаңашылдықтар енгізу көзделген:
Бірінші, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, ҚР ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды.
Екінші, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді.
Үшінші, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Төртінші, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді.
Бесінші, Мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50% — дан 60% — ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%).
Алтыншы, отандық теле, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле, радиоарналардағы көлемін 50% — дан 60% — ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделді.
Жетінші, отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20% — дан 10% — ға дейін азайту белгіленді.
Сегізінші, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.
Сондай-ақ, заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылатынын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа баспананың кілті табысталды