Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектептері үш жыл ішінде 16,4 млрд теңге қаражат игермеген

Жоғарғы аудиторлар палатасы Назарбаев зияткерлік мектептері қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды. 2019-2023 жылдар ішінде НЗМ-де іс жүзінде жүргізілмеген іс-шаралар болған. Олардың көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады. Әрі білім ордалары 16,4 қаражатты игермеген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап.

Жалпы есепті кезеңде НЗМ жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға бағытталған. Дегенмен, бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесінде мектептің рөлі нақты айқындалмаған. 

Мұның маңызды бөлігі – жалпы білім беретін мектептерге НЗМ әзірлеген оқулықтарды енгізу. Бірақ салалық министрлік мақұлдаған білім беру процесіне арналған 3 мыңнан астам оқулықтың небары 67 немесе 2% ғана НЗМ үлесіне тиесілі. Осылайша, ұйымның орта білім беру жүйесін дамыту әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы нәтиженің бөлінетін қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтініне назар аударды.

 

«Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған», – деді Әлихан Смайылов.

Аудиторлық қорытындыда көрсетілгендей, НЗМ-де іс жүзінде жүргізілмеген іс-шаралардың жоспарланғаны анықталды. 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады.

3 жыл ішінде білім ордасы 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген. Ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған.

НЗМ өткізген сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану орын алған. Оған қоса өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау және т.б. жағдайлар орын алған. 

Назарбаев зияткерлік мектептерінің ақпараттық-білім беру ортасын дамытуға шамамен 2 млрд теңге бағытталған. Алайда аудит барысында конкурстық іріктеу, аттестаттау және т.б. негізгі бизнес-процестер автоматтандырылмаған.

«Жалпы мемлекеттік аудит 274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Қаражатты тиімсіз жоспарлау 8,3 млрд теңгені, тиімсіз пайдалану шамамен 6 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды»,- деп жазылған ЖАП берген мәліметте.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов НЗМ нақты есептеулермен бюджеттен сұратылған барлық қаражатты негіздеуі қажеттігін атап өтті. ДБҰ-ға қойылатын талаптар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірдей болуы керек. Аудит анықтаған кемшіліктер бойынша жұмыс жүгізіліп, жойылуы тиіс. Бұл мәселе Жоғары аудиторлық палата бақылауында болады.

Тағы оқыңыз: Петропавлда жалға берілетін пәтерлер бағасы қымбаттаған

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x