Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай сотталған азаматтарға рақымшылық жасалуы мүмкін. Бүгіндері тиісті заң жобасы әзірленген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Заң жобасына сәйкес, бірқатар сотталғандар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылуы мүмкін. Атап айтқанда, рақымшылыққа төмен және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған, бірақ залал келтірмеген немесе оны толық өтеген азаматтар ілігеді. Сонымен қатар, амнистия жәбірленуші талап арыз бермеген тұлғаларға қатысты қолданылады. Рақымшылық арқылы әлеуметтік жағынан осал азаматтар, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған жағдайда бостандыққа шыға алады.
Әлеуметтік осал топқа қылмыс жасаған кезде кәмелетке толмағандар, 50 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ерлер жатады. Жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, сондай-ақ мүгедек болып қалған адамдарды бағып отырған аналар мен әкелер, мүгедектер кіреді.
Сонымен қатар, сот өндірісінде қаралып жатқан кейбір істер де қысқартылуы мүмкін. Ал жазасын өтеп жатқан азаматтар негізгі жазадан босатылады. Бірақ қосымша жаза күшінде қалуы мүмкін.
Алайда амнистия, сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, қинау қылмыстарына қатысы бар сотталушыларға жүргізілмейді. Сонымен қатар, қауіпті рецидив жасағандар, өмір бойына сотталғандар, ұйымдасқан қылмыс қылмыс жасағандар да рақымшылыққа ілікпейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты амнистия жарияланған болатын. Ол кезде шамамен 1000-ға жуық сотталған азамат бостандыққа шыққан. 5000-нан астам іс қысқартылған.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданының қос тұрғынына «Құрметті азамат» атағы берілді