1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Қазақстанда халықты медициналық-ұйымдарға бекіту жыл сайынғы науқаны өтуде. Осы кезеңде азаматтар өз емханасын бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде таңдай алады немесе ауыстыра алады, деп жазады Qazaqstan Media.
Таңдалған ұйым әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жағдайда, жаңа емханада медициналық көмек көрсету 2026 жылғы 1 қаңтардан басталады.
Кімдер тіркеле алады:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (ықтиярхат негізінде);
- ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері (ерікті немесе есептелген медициналық сақтандыру шарты болғанда).
Тіркеу тәсілдері:
- eGov.kz порталы арқылы (өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады);
- Таңдалған емханаға жеке өтініш беру арқылы.
Бұрынғы емханадан шығару автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер азамат медициналық ұйымды өзгертуді жоспарламаса, қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Дәрігердің учаскесіне бекітілген халық саны мынадай шектеулерге сәйкес болуы тиіс:
- жалпы практика дәрігеріне – 1 700 адамға дейін;
- учаскелік терапевтке – 2 200 ересекке дейін;
- учаскелік педиатрға – 0–6 жастағы 500 балаға дейін немесе 0–14 жастағы 900 балаға дейін.
Науқаннан тыс уақытта да емхананы ауыстыруға мүмкіндік бар. Ол тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын ауыстыру, басқа елді мекенге көшу, сондай-ақ бұрынғы емхананы тарату немесе қайта ұйымдастыру жағдайында жүзеге асырылады.
Қосымша ақпарат алу үшін азаматтар өз емханасының пациенттерді қолдау қызметіне немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми арналарına жүгіне алады:
- www.msqory.kz ресми сайты
- Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы
- Telegram-дағы Saqtandyrybot чат-боты
- 1414 бірыңғай байланыс орталығы
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы 40 сотталған түрмедегі мектепке барды