Есірткі қылмысына қарсы және нашақорлық профилактикасы бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб құрылды. Оған Премьер-министр басшылық етеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесі отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында Премьер-министрдің өкімімен Нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб құрылды. Оған Премьер-министр басшылық етеді. Оның орынбасарлары ретінде Премьер-министрдің орынбасары және ішкі істер министрі айқындалды.
Штаб құрамына Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері кіреді. Сондай-ақ бірқатар жауапты министрлік басшылары енді.
Премьер-министрдің өкімімен сондай-ақ облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік штабтар құру көзделген.
Штабтың негізгі міндеті мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы тұру жөніндегі іс-қимылын үйлестіру. Есірткі бизнесінің алдын алу шаралары кешенін жүзеге асыру бойынша тиімді тәсілдер әзірлеу кіреді. Сонымен қатар, есірткіге тәуелді адамдардың профилактикасын, емін және оңалту жүйесін жетілдіру жұмыстары айқындалды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да III халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп жатыр