Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 16 мыңнан астам адам қоныс аударды. Олардың көбі ТМД елдерінен келген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қаңтар-қыркүйек аралығында елден 5 мың 900 адам көшіп кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4% аз. Көші-қон сальдосы 10,2 мың адамды құрады.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүзеге асырылады. Достастық елдерінен келгендердің үлесі 82,7 пайыз, ал осы елдерге кеткендердің үлесі 73,2 пайызды құрап отыр. Қоныс аударғандардың ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым.
Қазақстанға қоныс аударғандардың көпшілігі Алматы облысына – 4,4 мың адам, Алматы қаласына – 2,6 мың адам, Маңғыстау облысына – 2,3 мың адам және Астана қаласына – 1 мың адам көшіп барған. Айта кету керек, ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8% артты.
«Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо төрт өңірде қалыптасты: Астана – 67,2 мың адам, Алматы – 27,8 мың адам, Шымкент қалаларында – 13 мың адам және Алматы облысында – 8 мың адам», — деп мәлімдеді ҚР Ұлттық бюросының баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан бері 20 адам буллинг үшін жауапкершілікке тартылды

