Қазақстан көлік-логистика саласының әлеуетін арттыруды ұлттық деңгейдегі стратегиялық міндет ретінде қарастырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген сұхбатында айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Президенттің айтуынша, еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында, маңызды транзиттік бағыттар түйіскен аймақта орналасқан. Бұл — Қазақстан үшін үлкен мүмкіншілік.
«Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз. Артықшылығымызды ел игілігіне жарата білуге тиіспіз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл жоба Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын бес есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» бағыттарында да теміржол желілері салынбақ.
Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салу және жаңғырту жоспарда тұр. Ал 11 мың шақырым желіні жөндеу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, елорда мен батыс өңірлер арасындағы қашықтықты қысқартатын «Орталық – Батыс» автожолының стратегиялық рөлі атап өтілді.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өз аумағымен шектелмей, кең ауқымды аймақтық көлік жүйесін қалыптастырған. Бүгінде еліміз арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі бар — оның 5-і теміржол, 7-і автожол бағыты. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүктің 85 пайызы осы бағыттар арқылы тасымалданады.
Президент көлік саласындағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын, логистика геосаясаттың маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті. Қазақстан «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий (Орта дәліз) бағыттарын дамытуға белсенді қатысып отыр.
«Экономиканың барлық саласы көлік-логистика инфрақұрылымымен тығыз байланысты. Сондықтан заманауи көлік тораптарын салып, порттар мен әуежайларды жаңғырту, цифрлық экожүйе құру – Үкіметтің басты міндеті», — деді Мемлекет басшысы.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданаралық ауруханасы қайтарылған активтер есебінен жаңғыртылады

