Мамыр айында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасында аралас динамика байқалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Мәселен, Қытай, Пәкістан және Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністердің жеткізілуі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі таңда Астанаға «ҚТЖ Экспресс» АҚ арқылы 50 рефрижератор контейнер картоп жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар, қосымша 45 мың тонна картоп пен төрт мың тонна қырыққабат импортталды.
Еуразиялық экономикалық комиссия 2025 жылғы 30 маусымға дейін 150 мың тонна картопты баж салығынсыз импорттауға рұқсат берді. Бұған қоса, ел ішінде өнімнің ұсынысын сақтау мақсатында картоп пен мал өнімдерінің экспортына уақытша шектеулер енгізілді.
Мамандар бұл шаралар маусымаралық кезеңде бағаның күрт өсуін тежеуге және ішкі нарықты өніммен толық қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Мамыр айында елімізде қырыққабат – 3,4%-ға, жұмыртқа – 0,7%-ға, қарақұмық, макарон және күнбағыс майы – 0,1-0,2%-ға төмендеді. Нан мен күріштің бағасы өзгеріссіз қалды. Алайда, кейбір өнімдердің қымбаттауы тіркелді. Мысалы, сәбіз – 4,2%-ға,картоп – 2,8%-ға, және пияз – 2,5%, май, сиыр еті, тауық еті, ұн және айран – 0,1–0,2%-ға өсті
Жалпы, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға артқан.
Тағы оқыңыз: СҚО-да шаруа қожалығының аумағында өрт болды