Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайының «Шаңырақ» этностудиясында қазақтың алтын қорына енген әндер шырқалды. Іс-шараға жастар мен аға буын өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Кеш барысында Шәмші Қалдаяқов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды өнер майталмандарының әндері шырқалды. Бұл әндер – халықтың жүрегінен орын алған туындылар.

Кештің сәнін келтірген өнерпаздардың бірі – Абылайхан Ақмағамбет. Ол гитарамен сүйемелдеп, әсерлі ән орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Мұндай кештер жиі өткізіліп тұрса екен. Қазіргі заманда бұл өте қажет. Ескі әндерді еске алып, көңіліміз көтеріліп қалды. Ескі әндер ұмыт болып бара жатыр. Жастарға осы туындыларды естірту керек. Біз тілімізді, дінімізді, әндерімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз қажет. Енді 70 жыл бойы Еуропаны кидік, қазір қазақы нақышқа көштік. Тәрбие ұлттық киімнен басталады», – деді кешке қатысқан Гүлбаршын Сәпиева.

Кеш барысында ата-әжелер ән тыңдап қана қоймай, жастармен әңгімелесіп, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Бұл өзара байланыс ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосты.
Іс-шараны ұйымдастырушы, «Шаңырақ» этностудиясының жетекшісі Әсемгүл Қапарова бұл кештің ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Мұндай кеш қаламызда алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар шара алдағы уақытта да жалғасын табатын айтты. Бұл – ұлттық өнерімізді ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезім мен мәдени құндылықтарды сіңірудің тиімді жолы.
Тағы көріңіз: Петропавлда кекушинкай каратэден ашық турнир өтті