Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі — мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында дәл осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Соңғы жылдары аталған салаларға ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта бұрын-соңды болмаған шаруалар қолға алынбақ.

«Екі жылдың ішінде 3 облыста су жаңа театрлар бой көтереді. 2 үлкен өнер ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 3 жылдың ішінде елімізде барлығы 100-ден астам мәдениет ошағын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Бұл маңызды жұмыстар қазақ өнерін әлемге паш етуге септігін тигізеді. Саналы ұрпақ қалыптастыруға да көмегі зор», — деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Өткенді білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Мемлекет басшысы алқалы жиында қазақтың тарихи нысандарын қайта жаңғырту қажеттігін айтты. Президенттің бұл сөзімен өңіріміздің мәдениет саласында бірнеше жыл бойы басшылық қызмет атқарған Кемел Оспанов толықтай келіседі. Азамат жастарға арналған өткенімізден сыр шертетін танымдық шаралар көптеп өткізілгенін қалайды.

«Әр мемлекеттің халқы өз тарихынан хабардар болмаса, болашағы бұлыңғыр болады деп айтуға болады. Осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылса, бүкіл әлемге танымал болар едік. Себебі, Қазақстанның дүниежүзіне көрсетері көп», — «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов.

Ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл — дұрыс емес. Мемлекет басшысы Абай, әл-Фараби сынды ойшылдарымыздың сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру қажеттігін айтты.

Тағы оқыңыз: Конституциялық реформа: өзгерістер референдум арқылы қабылданады Қасым-Жомарт Тоқаев: Тарих пен мәдениет — халқымыздың баға жетпес қазынасы

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *