Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күнінің еліміз үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында тарихи әрі түпкілікті таңдау жасаған.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың ырысты ынтымағы мен өзара қолдауы, жасампаз еңбегі, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісім Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарғанын айтты. Сонымен қатар, әлемде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқанын, жаңа тарихи дәуірдің басталғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, мұндай жағдайда Қазақстан жас әрі озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен қарап, берекелі бірлігін сақтауы тиіс. Сондай-ақ еліміздің жаһандық беделі мен бәсекеге қабілетін арттыру үшін аянбай еңбек ету қажет.

Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың ел дамуына тың серпін беретініне сенім білдіріп, стратегиялық бағыттан ауытқпай, Әділетті, Күшті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құру мақсатына тоқталды.

Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеп, Тәуелсіздіктің мәңгі болуын тіледі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да швейцариялық компания агроиндустриялық кластерді іске қоспақ

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *