Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА стандарттарына сай болмақ. Қазір нысанды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 1 млрд 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Шаруаны италиялық «Scarabelli Irrigation Systems» компаниясының өкілдері қадағалайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Алдағы уақытта жергілікті футбол командасы қар түскенде өзге елдерді жағаламай, үйреншікті стадионда жаттығу жасап, ойындарға дайындық жүргізе алады. Ол үшін қазір жылытылатын алаң жабдықталып жатыр. Сондай-ақ, мұндағы киім ауыстыратын бөлмелер УЕФА талаптарына сай болмақ. Және спорт кешеніндегі қауіпсіздік шаралары мықтап қолға алынады. Мердігер компания- «Казеврострой» ЖШС-і. Олардың айтуынша, құрылыс материалдарын уақытылы жеткізуде қиындық туындап отыр.
«Өкінішке орай, бізге қажет материалдар қазақстандық зауыттарда шығарылмайды. Сондықтан стадионды УЕФА стандарттарына сай ету үшін барлық жабдықтарды Германия, Италия мемлекеттерінен тапсырыспен алдыртып жатырмыз. Осы ретте аздаған қиындықтар туындайды. Кейде материалдар уақытылы жеткізілмей жатады. Жалпы, қазіргі таңда бұл жерде 20 маман еңбек етіп жүр. Іске 6 техника жұмылдырылған», — дейді «Казеврострой» ЖШС басшысы Әсет Меңдібаев.
Бұл жерде жылу желісі жаңартылып, сыртқы жарықтандыру жүйесін ретке келтіру және алаңды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Спорт кешенін жарықтандыруға 40 метрлік 4 бағана қойылады. Бұған дейін небәрі 22 метр болған. Яғни, ол талаптарға сай болмаған. Сондай-ақ, 26 миллион теңгеге үлкен табло мен 10 миллион теңгеге дыбыстау құрылғысы сатып алынады. Құрылыс жұмыстарының УЕФА стандарттарына сай болуын италиялық «Scarabelli Irrigation Systems» компаниясының өкілдері қадағалайды.
«Біз стадионның УЕФА стандарттарына сәйкес болуын қадағалаймыз. Мердігерлермен кездесіп, өз тәжірибемізбен бөлісіп, ақыл-кеңестерімізді айтып жатырмыз. Осындай ортақ жұмыс Қазақстанда футболдың дамуына үлкен сеп болады деген үміттенемін. Шаруа аяқталған соң нысанды қабылдап алуымыз қажет. Олқылықтар орын алмайды деген сенімдеміз», — дейді «Scarabelli Irrigation Systems» компаниясының өкілі Джанни Форабоски.
Мердігер компания шаруаны биыл күзде аяқтауды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда электр энергиясы қымбаттауы мүмкін