Петропавлдықтар қала күнін тойлады. 271 жылдық мерейтойға орай мерекелік концерт ұйымдастырылып, бірқатар маман қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Салтанатты шараға Петропавл қаласының жаңа әкімі Серік Мұхамедиев қатысты. Азамат жиналғандарды мерекемен құттықтап, Петропавлдың дамуына үлес қосып жүрген шаһар тұрғындарына алғысын білдірді.

“Қаламызда жыл емес, күн санап оң өзгерістер орын алып жатыр. Мектептер, емхана мен спорттық ғимараттар сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, зәулім үйлер салынып, ойын-сауық орталықтарының да қатары артуда. Шаһардың жан-жақты өркендеуі мен гүлденуі – сіздердің арқаларыңызда! Бұл ретте аянбай тер төгіп жүрген әр адамға шексіз алғысымды білдіремін”, — деді Серік Мұхамедиев.

Құттықтау сөзден соң әскери, құқық қорғау, әлеуметтік сала сынды қызметте жұмыс істеп жүрген бірқатар мамандар Петропавл қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Еңбегі еленген жандардың арасында Ольга Айтекеева да бар. Нәзікжанды Петропавл екінші жылу электр орталығында аға инженер-инспектор болып жұмыс істейді. Сөзінше, жылу ошағына алғаш рет орналасқанда жасы небәрі 18-де болған.

“18 жыл бойы жылу электр орталығында қызмет еттім. Одан кейін энергетикалық бақылауға ауыстым. Алайда, уақыт өте келе жаныма алғашқы жұмысым жақын екенін сезіп, осында қайта оралуды жөн көрдім. Жұмысым бағаланып, осынау тамаша мерекеде қала әкімінен марапат алғаныма қуанып тұрмын. Мереке баршамызға құтты болсын”, — дейді Ольга Айтекеева.

Қала күнін тойлауға жиналған қауым астаналық “Кербез” сән тобының көрсетілімін тамашалады. Ұлттық нақышта ерекше етіп тігілген киім-кешектің барлығын отандық дизайнерлер жасап шығарған.

“Кербез” тобы 60-тан 76 жасқа жеткен аяулы ана, ақ жаулықты әжелерден тұратынын айта кету қажет.

“2022 жылы Алма Дәуренбекқызы деген модельер топ құрып, шақырды. Өзім 45 жыл бойы математикадан сабақ бердім. Зейнетке шыққаннан кейін құр отырмайын деп, шақыртуды қабыл алдым. Сән көрсетілімі бойынша курстар өткізді бізге. Бірін қалдырмай қатысып, осы салаға сіңісіп кеттім. Осы уақыт ішінде Орынбор, Ақтөбе қалаларына, Өзбекстан еліне бардық. Петропавлға алғаш келуім. Өте ұнап жатыр, барлығы көңілден шығуда”, — дейді Ғалия Сарбасова.

Петропавл күнін тойлауға келген жұртшылықтың қарасы қалың. Олар үшін алаңда “Сүйікті қаламызға тілек” акциясы да ұйымдастырылды. Тұрғындар баннерге өздерінің жылы лебіздерін жазды.


Сонымен қатар, бүгін “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік-көрме байқауы өтті. Оған 27 жергілікті тауар өндіруші қатысып, бағын сынады.

Кәсіпкерлердің жұмысы тауар сапасына, қауіпсіздігіне жалпы мекеменің жауапкершілігіне, экономикалық көрсеткіштеріне қарай бағаланды. 3 номинация бойынша 9 тауар өндіруші марапатталды.

“Халыққа арналған үздік тауар” номинациясына “Радуга” серіктестігі ие болды. Енді кәсіпорын күзде республика деңгейінде өңір намысын қорғамақ.

“Радуга” ЖШС халықтың күнделікті тұтынуына қажетті тауарларды шығарумен айналысады. Ағымдағы жылы гигиеналық мақсатта қолданылатын қағаздар дайындайтын үлкен зауытты іске қостық. Айта кетсем, биыл серістестіктің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Жалпы, ел бойынша Радуганың 10 филиалы бар. Барлығында 1600-ден астам қызметкер еңбек етеді”, — деді “Радуга” ЖШС бөлім басшысы Нұрлан Елеманов.

Тағы оқыңыз: Астана – ұлы дала елордасы!

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x